Жаңалықтар

19 сәуір 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына «Үміт» бүйрек ауыстыру жөніндегі мүгедектер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті М.Өскенбаевтан хат келді

 

Автор өз хатында 2013 жылғы наурыздың басында Оңтүстік Қазақстан облысында донорлардан реципиенттерге бүйрек ауыстырып салу үшін алғаш рет бірден төрт ота жасалғанын хабарлайды. Отандық дәрігерлерге осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысына дәрігер Пак Кван Тэнің басшылығымен Оңтүстік Кореядан арнайы келген әріптестері көмектесті.

М.Өскенбаев трансплантациялауды жүзеге асыруда ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өткен. Шымкенттегі жедел медициналық көмек көрсететін қалалық ауруханада ота сәтті өту үшін қажетті база жасалған. Атап айтқанда, қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алынған, жергілікті мамандар Оңтүстік Корея мен Беларусьте дайындықтан өткен, науқастар ота жасалғаннан кейін сауығып кеткенше жататын арнайы бөлмелер бөлінген.

Сонымен қатар, хат иесі бүгінде созылмалы бүйрек сырқатына шалдыққан 237 оңтүстікқазақстандыққа бағдарламалық диализ тәсілі арқылы көмек көрсетіліп жатқанын атап өткен. Қазірге кезде таяу және алыс шетелде бүйрек трансплантациясы бойынша ота жасатып келген 35 емделуші есепте тұр.

«Оңтүстік Қазақстан облысында трансплантация қызметі құрылғаннан бері емделушілердің он мыңдаған АҚШ долларын шығындап, шетелдік мамандарға жүгінуі азайды» делінген хатта.

Хат соңында автор Оңтүстік Қазақстан облысында созылмалы бүйрек сырқатына шалдыққан мүгедектер атынан Мемлекет басшысына отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде жүргізіп отырған саясаты үшін алғыс білдірген.           


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар